Сәтбаев университетінің магистранттары NU SEDS-те тағылымдамадан өтті
Жақында Назарбаев Университетінің Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінде Сәтбаев университетінің магистранттары тағылымдамадан өткен болатын. Бізге солардың бірі Камал Айсұлтанмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Назарларыңызға Камалдың өзіміз зор ықыласпен тыңдаған әңгімесін ұсынамыз.
Камал Айсұлтан Мұхтарұлы, «Электротехника және энергетика» мамандығының 2 курс магистранты.
Біздегі тағылымдама туралы қайдан естідіңіз және іріктеу қалай өтті?
Магистратураның соңғы курсында студенттерге шетелдегі немесе еліміздегі университеттерде тәжірибеден өтуге мүмкіндігі барын естіп-білдік. Алғашында көп уақыт Польша, Түркия, Ресей, Болгариядағы кейбір шетел университеттерінен шақырту алуға тырыстық. Біз университетіміздің ресми өтініштерінен бастап студенттердің жеке өтінішіне дейінгі әртүрлі жолдарын қарастырып көрдік. Бір поляк университетінен шақырту ала жаздадық, бірақ әлемдегі эпидемиялық жағдайға байланысты тоқтап қалды. Әрине, салымыз суға кетті. Бірақ сағымыз сынбады. Сөйтіп жүргенде көп ұзамай Назарбаев Университетінде ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі бар деген жаңалықты естідік. Артынша тағы да бағымызды сынап көрейік деп шештік. Себебі Назарбаев Университеті ұлттық білім беру жүйесінің артықшылықтары мен озық әлемдік ғылыми-білім беру тәжірибесін біріктірген Қазақстандағы жоғары білім берудің ұлттық брендіне айналған оқу ордасы.
– Тағылымдамадан алған әсеріңізбен бөліссеңіз?
Біз Назарбаев университетінің әлеуеті, студенттерге жасалған жағдай мен мүмкіндіктері туралы бұрыннан білетінбіз. Бұқаралық ақпарат құралдарынан, осында оқыған достардан да біраз жәйттан құлағдар болатынбыз. Жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық, қызметкерлердің өзара сыйластығы , қолдан келгенше қолдауға тырысатын мейірбан жандардан тұратын профессорлық-оқытушылық құрам, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген зертханалар, студенттердің барлық қажеттілігі қамтамасыз етілген жайлы әрі қолайлы университет кампусын өз көзімізбен көріп, Назарбаев Университетінің атына заты сай екенін бағамдадық. Бізге осындай тамаша мүмкіндік берген Сәтбаев университетінің басшылығына және құшақ жая қарсы алған Назарбаев Университетінің басшылығына ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Бізге тағылымдама кезінде барынша қолдау көрсеткен профессорлық-оқытушылық құрамға алғысымды айтқым келеді. Атап айтқанда: профессор До Дук Тон, профессор Мехди Багери, профессор Энни Нг, PhD докторанты Гүлнұр Калимулдинаға және профессор Луис Рамон Рохас Солорзаноға алғысымыз шексіз.
– Бұл тағылымдама сізге не берді?
Біріншіден, бұл менің бірінші тағылымдамам. Томас Дьюар айтқандай: «Тәжірибе – бұл сіз басқа нәрсені іздеп жүрген кезде берілген нәрсе». Мен өз мамандығым бойынша білім ғана емес, жастарымыздың басқаша ойлауы мен көзқарасын іздедім. Таптым. Екіншіден, профессорлармен бірге бірнеше зертханаларды араладық, кейбір тақырыптарды талқыладық, жаңа материалдарды зерттедік. Профессор Мехди Багеримен бірге Электротехника және компьютерлік инженерия кафедрасының зертханасында болып, электр жабдықтарымен таныстық. Перовскитті зерттеп жүрген профессор Энни Нг және докторантура қызметкері Гүлнұр Қалимолдинамен бірге зертханаларды араладық.
Профессор Луис Рохаспен бірге осы жылғы сәуірдің 11-і мен 21-і аралығында өткен «RETScreen көмегімен таза энергетикалық технологияларды техникалық-экономикалық негіздеу бойынша 12 сағаттық семинар» тақырыбындағы курсқа қатыстық.
Қорытынды дәрісті бастамас бұрын біз жаңартылатын энергия жабдықтарымен, университет технопаркімен, күн батареяларымен, жел фермасы электр және ақылды үймен таныстық. Содан кейін станциялардың кіріс және шығыс параметрлерін талқыладық. Курс соңында профессор Луис Рохас алған білімімізді бойынша сынақтан өткізіп , курсты аяқтағандығымыз туралы сертификат табыс етті.
– Алған білімді қолай қолдануды жоспарлап отырсыз?
Б.Дисраели айтқандай: «Тәжірибе – ойдың баласы, ал ой – іс-әрекеттің баласы». Тәжірибе барысында алған біліміміз болашақта бізге пайдалы болады деп сенемін. Ал зертханаларда сыналған жобалар мен жаңа тәжірибелік үлгілер отандық өндіріс орындарына жаппай енгізілсе, жақсы болар еді. Дегенмен, бұл уақыт талабы деп түсінемін. Әрине, біз зерттеуімізді талдап, оны жүзеге асырып, өз университетімізде де бөлісетін боламыз. Сөзімнің соңында
Назарбаев Университетіне тағы да алғыс айтқым келеді, алдағы уақытта еліміздің екі жетекші университеті арасында ынтымақтастық және өзара тиімді қарым-қатынас орнайды деп сенемін.
Рақмет!