Жаңалықтар

НУ 2021 Виртуалды ашық есік күніне шақырамыз!

OHD 1

2021 жылғы 26 қыркүйекте Назарбаев Университеті болашақ студенттер мен олардың ата-аналары үшін осымен екінші рет виртуалды Ашық есік күнін өткізеді. Іс-шара екі онлайн-компоненттен тұрады: платформа open.nu.edu.kz және Zoom. Бағдарлама іс-шараларға толы болады. Сессиялар оқуға түсу және стипендия алу, сондай-ақ медициналық сақтандыру және тұрғын үй мәселелеріне арналады. Іс-шараға қатысушылар магистратура, докторантура, университет алдындағы дайындық және бакалавриат бағдарламалары бойынша толық ақпарат алады. Бұл әсіресе болашақ мамандандықты таңдауға әлі сенімді емес адамдар үшін пайдалы болады. Сондай-ақ арнайы панельдік сессияда іс-шараға қатысушылардың НУ-дың академиялық бағдарламалары, сондай-ақ студенттік өмір, жұмысқа орналасу және басқа да тақырыптар туралы, өздерін қызықтырған кез келген сұрақтарға жауап алуға мүмкіндіктері болады.

Студенттерді қабылдауды басқару офисінің аға менеджері Лейла Негимова виртуалды форматтың көптеген артықшылықтары бар деп санайды:

“Біріншіден, бұл әлемнің кез келген нүктесінен НУ-мен танысудың бірегей мүмкіндігі. Айта кету керек, платформада жыл бойы қолжетімді болатын бейнематериалдарда оқуға түсу және академиялық бағдарламалар бойынша ақпарат қана емес, сонымен қатар НУ-ға түсу кезінде конкурсқа қатысу өтінімін дұрыс толтыру туралы практикалық кеңестер, сондай-ақ ағылшын тілін білуге арналған IELTS тестті сәтті тапсыру құпиялары және т.б. қамтылады”.

Виртуалды форматтың көптеген артықшылықтары бар. Іс-шараның дәстүрлі форматы іс-шараға қатысушылардың физикалық қатысуын талап етеді, егер астанаға келуге мүмкіндігіңіз болмаса, онда НУ академиялық бағдарламалары туралы, сондай-ақ НУ студенттерінің немесе оның түлектерінің студенттік өмір туралы эксклюзивті ақпарат алу мүмкін емес.

Өткен жылы виртуалды форматтағы Ашық есік күніне қатысушылар көп болғанын айта кеткен жөн: оқытушылар, қызметкерлер, студенттер мен түлектердің сессияларымен платформада 4000-ға жуық қонақтар, ал интерактивті сессияларға 1500-ге жуық қатысушылар болды.

“Өткен іс-шараның қорытындысы бойынша біз көптеген жақсы пікірлер алдық. Виртуалды формат әлеуетті студенттерге де, олардың ата-аналарына да сөзсіз әсер етеді”, – деді Лейла Негимова.

Жоғары оқу орнын таңдау – әрбір жас адам үшін мұқият зерттеуді қажет ететін маңызды шешім. Виртуалды Ашық есік күні – бұл әлеуетті студенттер мен олардың ата-аналарына салмақты шешім қабылдауға көмектесетін, оқу ортасымен және НУ қоғамдастығымен танысудың тамаша мүмкіндігі.

Орталық Азияның жетекші университетімен танысудың бірегей мүмкіндігін жіберіп алмаңыз!

Мына сілтеме бойынша толық бағдарламамен танысып, сондай-ақ іс-шараға тіркелуге болады.