Жаңалықтар

Big Idea Challenge 2022 жеңімпазы NU SEDS бірінші курс студенті Едіге Әкімәлі

SEDS news 28

Оның «Soyles» жобасы «Әлеуметтік әсер» номинациясы бойынша жеңімпаз және ел чемпионы деп танылды.

Big Idea Challenge – бұл Creative Spark бағдарламасына қатысушы елдердің жастарын инновациялық «стартапты» дамытуға және оны күллі әлемге жариялауға шақыратын Британ Кеңесінің халықаралық бейне питчинг (презентация) байқауы. Creative Spark – Ұлыбритания елінің Орталық Азияның жеті елінде (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан), Оңтүстік Кавказда (Әзербайжан, Армения, Грузия) сонымен қатар, Украинаның қолдауымен кәсіпкерлік әрі креативті экономика дағдыларын дамыту үшін халықаралық университеттік және институционалдық серіктестіктерді қолдауға арналған бес жылдық бастамаcы.

Оған 18 бен 35 жас аралығындағы жастар жеке немесе команда болып (команда мүшелерінің саны төрт адамнан аспауы тиіс) қатыса алады. Жеңімпаз Әлеуметтік әсер, Шығармашылық және Цифрлық технологиялар атты  үш номинация бойынша анықталады.

Биылғы жылы байқауға қатысуға барлығы 54 өтінім берілген. Бірақ жеңіс жақында ғана SEDS мектебіне «Компьютер ғылымдары» мамандығы бойынша бакалавриаттың бірінші курсына қабылданған Едіге Әкімәліге  бұйырды.

Біз Едігеден өзі және жобасы туралы айтып беруін өтін едік.

Едіге, қос жеңісің, Назарбаев университетіне түсуің құтты болсын. Неліктен Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебін таңдадыңыз?

Шынымды айтсам, Назарбаев университетінде foundation бағдарламасы бойынша білім алуды бастаған жылы SSH-тағы математика мен SEDS-тегі компьютер ғылымдары мамандықтарын ұнаттым.  Бастапқыда деректер ғалымы болуды армандап, математика мамандығы дұрыс таңдау деген пікірде болдым. Бірақ кейін зерттеу тақырыбы ретінде «Жасанды интеллектіні» таңдадым. Бұл туралы оқыған сайын қызығушылығым арта түсті. Ақырында, университетіміздің ISSAI-де жасанды интеллект саласында мықты ғылыми-зерттеу базасы бар екенін және машиналық оқытуға арналған суперкомпьютерлермен жабдықталғанын білгенде, мен таңдауымның дұрыстығына яғни компьютер ғылымдары мамандығының пайдасына көз жеткіздім. Біздің елде AI зерттеулеріне үлкен мүмкіндік бар және мен осы бағытта жұмыс істегім келеді.

Жобаңыз туралы айтып беріңізші.

Бір күні ғылыми жобаға арналған материалдарды оқып отырып, бір ойға келдім. Бақытыма орай, мен оны бір жерге түртіп қойдым. Алты айдан кейін Big Idea Challenge-ді көргенде, өз идеямды осы байқау арқылы жүзеге асыра алатынымды түсіндім. Негізгі идея – ұялы телефон камерасы арқылы ымдау тілін мәтінге немесе дыбысқа аудару үшін компьютерлік көруді пайдалану. Мобильдік қосымша тегін әрі  жарнамасыз болады. Әңгіме екі жаққа да өтуі үшін дауысымыз бен мәтініміз ымдау тілі бар бейнеге айналады. Дүние жүзінде осындай жобалар бар, мысалы, Google-дан қолдау алған бразилиялық «Hand Talk App» стартапы. Бірақ ол мәтінді ымдау тіліне ғана аударады және қарама-қарсы бағытта жұмыс істей алмайды. Мен бұл идея бірінші болады деп айтпаймын, бірақ біз оны барынша ыңғайлы етіп жасағымыз келеді.

Сіз «Әлеуметтік әсер» аталымында жеңіске жеттіңіз. Әдетте мұндай жобалар қоғамымыздың дамуына септігін тигізеді. Неліктен байқауға осы аталым бойынша қатысуға бел байладыңызз немесе қандай өзекті мәселені шешкіңіз келді?

Мұндай мобильді қосымшаны жасау туралы шешім кездейсоқ емес. Мүмкін, бұл менің балалық шағымда бір құлағымда есту қабілетінің жоғалуымен байланысты да болған шығар. Ата-анамның арқасында қазір бәрі жақсы, бірақ құлағының мүкісі бар кісіліердің күнбе-күн қаншама кедергілермен бетпе-бет келетінін елестетудің өзі қиын. Сондықтан біздің ұзақ мерзімді мақсатымыз – қоғамдағы осы кедергіні жоюға үлес қосу.

Келесі қадамдарың қандай болмақ?

Жоба әзірге идея сатысында, әрине, әлі де көп жұмыс жасау қажет. Қазір біздің команда үш адамнан тұрады. Ойымыз бір жерден шығатын тағы да бірнеше адамдар қажет. Жоспарға сәйкес Лондон Метрополитен университеті акселераторының тәлімгерінің басшылығымен жұмыс істейміз. Алты айдың ішінде бастапқы үлгіні жасап, оны нақты адамдарда сынауды жоспарлап отырмыз.

Сіздің «Soyles» жобаңыз «Әлеуметтік әсер» номинациясы бойынша жеңімпаз және ел чемпионы атанды. Мүмкін сізде осы байқауда жеңіске жетудің  рецепті де бар шығар.  Оқырмандарымызбен бөліссеңіз?

Маған жеңіс әкелген ұстанымның  барлығына бірдей жемісті боларына  күмәнім бар. Дегенмен, идея жаһандық болуы тиіс әрі оны дамудың бірнеше жолдарын қарастырған жөн.